Лептоспироз

Лептоспироз – ауыр өтетін жұқпалы ауру.

Аурудың қоздырғышы – Leptospira бактериясы. Ол бұлшық еттерді, орталық нерв жүйесін, майда қан тамырларын және бүйрек пен бауырды зақымдайды.

Лептоспироз қоздырғышы көбінесе батпақты жерлерде және өте ылғалды аймақтарда кездеседі. Ауру тағамдық өнеркәсіп мекемелері қызметкерлерінің, кеншілердің, қалалық қоқыс тазалаушылардың, ветеринарлар мен ит тәлімбақтары жұмысшыларының арасында жиі кездеседі. Ауру таратушы және инфекция көзі – су тышқандары, кеміргіштер, егеуқұйрықтар, үй жануарлары: ірі қара мал, шошқа және ит.

Лептоспира бактериялары тасымалдаушы жануарлардың бүйрегінде өсіп-өніп сақталады, сыртқы ортаға несебімен шығады. Адамдар инфекцияны ластанған сумен, топырақпен, тамақ өнімдерімен, тұрмыстық қалдықтармен және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу өнімдерімен зақымдалған ауыз қуысы, мұрын, көздің шырышты қабаты және тері арқылы жұқтырады.

Аурудың инкубациялық кезеңі орта есеппен 7-13 күнді құрайды. Аурудың негізгі белгілері: дене қызуының  39-40°С-қа дейін күрт көтерілуі, қалтырау, бастың ауыруы, әлсіздік, көздің қызаруы, бұлшықеттің ауыруы – көбінесе балтыр және санның, белдің бұлшық еттері.

Ауруды дер кезінде емдемесе, соңы өлімге алып келуі мүмкін. Лептоспироз ауруына шалдықпас үшін келесі сақтық шараларды қатаң сақтау керек:

– жеке гигиена қағидаларын сақтау;

– рұқсат етілмеген орындарда шомылмау;

– жануарға күтім жасағанда қорғаныш заттарын пайдалану;

– теріні және шырышты қабықтарды зақымдаған жағдайда дер кезінде арнайы заттармен өңдеу қажет.

Ауру белгілері байқалса, медициналық көмекке жүгіну маңызды!

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖАНЫНДАҒЫ "ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАСЫ" ШЖҚ МКК