МӘМС енгізе отырып, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККК) жаңа пакеті
Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККК) жаңа пакеті қалыптастырылды. ТМККК жаңа моделі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізумен бірге іске асырылатын болады. Мемлекет кепілдік бермеген қызметтерді халық МӘМС қатысушысы бола отырып немесе ерікті медициналық сақтандыру арқылы ала алады.
ТМККК пакеті — бұл әрбір адам үшін шұғыл және кезек күттірмейтін жағдайлар кезіндегі көмек және бүкіл қоғам үшін маңызды ауруларды бақылау. ТМККК барлық азаматтарға тегін берілетін болады.
ТМККК — бұл барлық азаматтар үшін медициналық көмектің тегін көлемі — жедел медициналық көмек, санитарлық авиация, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, шұғыл стационарды алмастыратын және стационарлық медициналық көмек, халықтың нысаналы топтарын скринингтік зерттеу, паллиативтік көмек. Әлеуметтік мәні бар аурулары (туберкулез, АИТВ инфекциясы, психикалық аурулар және бұзылулар және онкологиялық аурулар), негізгі созылмалы аурулары (жүрек-қан тамыры жүйесінің аурулары, артериялық гипертония, бронх демікпесі немесе өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, қант диабеті және т.б. сияқты тыныс алу органдарының аурулары) бар азаматтар үшін ақысыз консультациялық -диагностикалық қызметтер, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсетілетін болады.
МӘМС пакетіне адамның өмір сүру сапасын жақсартатын медициналық қызметтер, сондай-ақ болашақ ұрпақтың денсаулығына негіз қалайтын медициналық көмек кіреді. Яғни, шұғыл араласуды талап ететін нәрсенің бәрі — ТМККК, ал қызмет көрсетудің жоғары стандарттары, қосымша, қымбат, тегін қызметтердің кепілдік берілген көлемінен тыс сирек көрсетілетін қызметтер — МӘМС.
Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде толық көлемде тар шеңбердегі мамандардың қызметтері, оның ішінде жоспарлы және шұғыл стоматологиялық көмек көрсету (халықтың жекелеген санаттарының тізбесіне сәйкес 21.09.2020 ж. ДСМ 106/2020 бұйрығы) және диагностика көрсетілетін болады. МӘМС қазір зерттеудің қымбат әдісі деп аталатын қызметтерді жабады. Магнитті-резонансты томография, компьютерлік томография, полимеразды тізбекті реакция, басқа да зертханалық зерттеулер сияқты. Бұдан басқа, МӘМС пакеті шеңберінде стационарды алмастыратын көмек, жоспарлы стационарлық көмек көрсетілетін болады.
Амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмектер әлеуметтік маңызды аурулар кезінде де, ТМККК шеңберінде динамикалық бақылауға жататын аурулар кезінде де берілетін болады. ТМККК-ден тыс аурулар бойынша амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету МӘМС есебінен жүзеге асырылатын болады.
Тағы бір маңызды бағыт — медициналық оңалту. ТМККК шеңберінде туберкулезге шалдыққан адамдарға МӘМС шеңберінде ересектер мен балаларға мынадай бейіндер бойынша медициналық оңалту ұсынылатын болады: кардиология, кардиохирургия, неврология, нейрохирургия, травматология және ортопедия.
ТМККК Қазақстан азаматтарына, оралмандарға, сондай-ақ ел аумағында тұрақты тұратын, яғни тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктерге беріледі. МӘМС пакеті медициналық сақтандыру қорына аударымдар немесе жарналар жүргізілетін сақтандырылушыларға ғана берілетін болады.
