Қызылшаның алдын алу

Қызылша – вирустан туындайтын өте жұқпалы, ауыр түрде өтетін сырқат, аталған аурумен сырқаттанған адамның орталық жүйке жүйесі зақымдалады. Қызылша әлем бойынша ерте жастағы балалардың өліміне әкеп соқтыратын негізгі себептің бірі болып қалуда.
Ауру қалай беріледі? Инкубациялық кезең 7-21 күн аралығында созылады, жұқпа көзі – науқас адам. Ауру ауа-тамшылы жолмен науқас адам сөйлегенде, жөтелгенде немесе түшкіргенде беріледі. Ауру өте жұқпалы, яғни бұрын сырқаттанбаған адам  қызылшамен ауыратын науқаспен қарым-қатынаста болғанда сырқаттану қаупі өте жоғары (егілмеген жағдайда). Сондай-ақ ауру қоздырғышы ауа арқылы көшуі мүмкін, мысалы көп пәтерлі үйлерде баспалдақ, желдету шахтасы арқылы. Вирус ауада немесе инфекция жұқтырылған беткейлерде 2 сағатқа дейін белсенді және жұқпалы болып қалады.
Қызылшаның белгілері. Қызылша дене қызуының көтерілуі, бас ауыруы, жөтел, мұрыннан су ағумен басталады. Көздің зақымдануы – жасаурау, конъюнктивит (қабақтың шырышты қабаттарының қабынуы) белгілі жағдай. Негізгі белгілері жіті респираторлық вирустық инфекцияларға ұқсас, 2-3 күнге дейін (кей кездері 5-6 күн) сақталады, одан кейін қызғылт нүкте – бөртпе пайда болады, олар бір-бірімен қосылып даққа айналады. Алғашында адамның басында (құлақ арты, беті) пайда болады, бөртпе ақырындап 2-3 күннің ішінде төменге түсіп, аяққа дейін жетеді.
Асқынулары. Қызылшадан өлім жағдайының көбісі осы аурумен байланысты асқынулардан пайда болады. Ең күрделі асқынулар – соқырлық, энцефалит (бас миының ісінуіне жеткізетін инфекция), құлақ инфекциялары және пневмонияға әкеп соқтыратын жоғары тыныс алу жолдарының инфекциялары. Кез келген асқынулардан науқас өліп кетуі мүмкін.
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖАНЫНДАҒЫ "ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАСЫ" ШЖҚ МКК