Награждение

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫН АНЫҚТАДЫ

Бейбітшілік және келісім сарайында Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп, оның шеңберінде Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің үздік өкілдері марапатталды.

Отандық медицинаның дамуына елеулі үлес қосқан дәрігерлер, мейіргерлер, ғалымдар, медициналық жоғары оқу орындары мен колледждерінің оқытушылары, фельдшерлер, провизорлар және санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары мемлекеттік және салалық наградаларға ие болды.

🏆Кәсіби мереке еліміздің барлық өңірлерінен келген медицина қауымдастығының өкілдерін біріктірді. Салтанатты рәсім барысында күн сайын адам өмірін сақтап, диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін енгізіп, медицина ғылымын дамытып, жаңа буын медицина қызметкерлерін даярлап жүрген мамандардың еңбегі ерекше атап өтілді.

«Медицина – жай ғана мамандық емес, бұл ерекше миссия. Бүгін біз сапалы медициналық көмектің көрсетілуіне, миллиондаған қазақстандықтардың денсаулығын сақтауға және олардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтуға үлес қосып жүрген жандарды құрметтейміз», – деді Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

🏆Республикалық конкурс қорытындысы бойынша «Үздік стационар дәрігері» атағы Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Рустам Абетовке берілді. Алматы қаласының дәрігері Марат Сәрсембек «Үздік жедел медициналық көмек дәрігері» атанса, Алматы облысынан Наталья Потеряйко «Үздік медициналық-санитариялық алғашқы көмек дәрігері» номинациясының жеңімпазы болды.

🏆«Үздік ауыл дәрігері» номинациясы бойынша Ақмола облысының дәрігері Аманжол Нұрмұхаметов жеңімпаз атанды. Ал Жамбыл облысының өкілі Амангелді Үйкекбай денсаулық сақтау саласындағы «Үздік әлеуметтік қызметкер» деп танылды.

🏆Мейіргерлік іс мамандары арасында Ақтөбе облысынан Маржан Базарбаева «Үздік акушер», Қостанай облысынан Жанна Бакиева «Үздік стационар мейіргері», Түркістан облысынан Назым Оразалиева «Үздік медициналық-санитариялық алғашқы көмек мейіргері» атанды. Қызылорда облысының өкілі Гүлмира Жүсіпбаева «Үздік ауылдық мейіргер» номинациясында жеңіске жетті

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖАНЫНДАҒЫ "ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАСЫ" ШЖҚ МКК